Жаныңда жүр жақсы адам
21.11.2022 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ғылыми кітапханасында ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссияның және С.Ж.Асфендияров атты ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының төрағасы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» А.Байтұрсынұлы атындағы «Саңылақ автор» төсбелгісінің, Денсаулық сақтау Министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісінің, А.Байтұрсынұлы атындағы «Алтын медальдің» және ҚазҰМУ «Алтын медальінің» иегері Ахметов Жауғашты Байназарұлымен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кеш өтті. Кешті университеттің Ғылыми кітапхананың Анықтама- библиография бөлімінің меңгерушісі С.А. Елеукенова, кітапханашылар Н.С. Омарова, Ж.М. Аубакирова, және Тілдік пәндер кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев, лекторлары Ұ.А.Ботатаева, М.Е.Тойғанбаева ұйымдастырды. С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ҚР тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған: «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн»,– деген бастамасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Университетте медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына үлес қосып жүрген ғалымдарымыз аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Ахметов Жауғашты Байназарұлы. Кездесу кештің шымылдығын ашқан университетіміздің Ғылыми кітапханасының жетекшісі Модовов Нурбол Алимбайұлы Ж.Б.Ахметовтың медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына қосқан үлесіне қысқаша шолу жасай келе, бүгінгі кештің аса маңызды екенін атап өтті. Жауғашты Байназарұлының өмірі мен ғылыми жолы туралы СТ22-025 тобының студенті Альжанова Айгерим «Медицина ғылымын өрге тартқан» атты баяндамасында ғалымның ғылыми еңбектеріне кеңінен тоқталып, оның медицна ғылымының қазақ тілінде дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.. Ақын Төреғали Тәшеновтың Жауғашты Байназарұлына арнап шығарған «Жетпісте де жігіттей Жауғашты аға» атты өлеңін П22-009 тобының студенті Тұрсынбай Дәурен мәнеріне келтіріп оқыды. Кеш негізінен Жауғашты Байназарұлының «Өмір — Өлім — Өмір» атты кітабы туралы болды. Профессор қылышынан қан тамған Кеңес Өкіметінің атеистік жүйесінде білім алса да, тілін, салт-дәстүрін, дінін ең бірінші орынға қойған адам. Ж.Б. Ахметов кітаптың жазылуына түрткі болған жайларға тоқтала келіп, біздің медицинамыздағы ең үлкен кемшілік адам жанына емес, талдамалардың нәтижелеріне және медициналық аппараттардың көрсеткіштеріне баса назар аударуымызда деді. Ғалымның бұл пікірі ақиық ақын М.Мақатаевтың: «Өлгендерді тірілтем деп ойлаған, денесінен жан ізде өліктің де»,– дегенімен үндесіп жатыр. Студенттер кітап бойынша сұрақтарын дайындағанша П22-003 тобының
студенті Батыкова Айгүль Құрманғазының күйі «Адайды» екпіндете орындап берді.
Бұдан кейін студенттер кітапты оқығанда өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Жауғашты Байназарұлы олардың сұрақтарына нақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. Кеш соңында Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы кеш қонақтарының құрметіне С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әнін орындап берді. Бұдан кейін Педиатрия мектебі 22-003 тобының студенттері «Армандастар» әнін орындады.
Кездесу кешті қорытындылаған Тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Байғараев Жасұлан Абдумуталипұлы бүгінгі кездесу кештің тәрбиелік мәні жоғары болғанын атап өтті. Ғылыми кітапхана кешке белсене ат салысқан
студенттерді «Алғыс хаттармен» марапаттады.