Жүрек-қан тамыр хирургиясы кафедрасы

2026 жылғы 11 қарашада Ғылыми кітапханада Жүрек-қан тамыр хирургиясы кафедрасының күні өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кафедра мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды кітапхана қорындағы әдебиеттермен және заманауи ақпараттық ресурстармен таныстыру.

Кафедра күніне Жүрек-қан тамыр хирургиясы кафедрасының қызметкерлері, ассистенттер, резиденттер, ангиохирургия бағытының резиденттері және кардиохирургтер қатысты. Қатысушылар Ғылыми кітапхана қорына жаңадан келіп түскен басылымдармен, шетел тілдеріндегі және қолданыстағы оқу, ғылыми және анықтамалық әдебиеттермен танысты.

Кітапхана мамандары Ғылыми кітапхананың ресми сайтында ұсынылған ақпараттық ресурстар мен қызметтер туралы толық мәлімет берді. Атап айтқанда, қатысушылар электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндіктерімен, КАБИС электрондық каталогымен, виртуалды кітап көрмелерімен және медициналық журналдардың виртуалды көрмесімен танысты.

Сонымен қатар Жүрек-қан тамыр хирургиясы кафедрасында оқытылатын пәндер бойынша кітапхана қорында бар әдебиеттердің тізімі ұсынылды. Қатысушыларға қажетті оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми басылымдар, мерзімді баспасөз материалдары және электрондық оқулықтар жөнінде ақпарат берілді.

Іс-шара барысында кітапхана мен кафедра арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кафедраны оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, кітапхана қорын мамандыққа сәйкес жаңа басылымдармен толықтыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісінде кітапхананың ақпараттық ресурстарын тиімді пайдалану жолдары қарастырылды.

Кафедра күні №2 оқу ғимаратының фойесінде орналасқан Ғылыми кітапханада өтті. Іс-шара кафедра қызметкерлері мен білім алушылардың кітапхана қорына деген қызығушылығын арттырып, қажетті ақпарат көздерін тиімді пайдалануға және кітапхана мен кафедра арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға ықпал етті.

Ғылыми кітапхананың
ақпараттық-әдістемелік бөлімі