2025 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан халқының тілдері күніне орай 7-оқу
ғимаратында «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты әдеби-танымдық кеш
өткізілді.
Іс-шараны Жалпы медицина мектебі-1, Тілдік пәндер кафедрасы, Тәрбие
жұмысы және студенттік бастамалар орталығы және Ғылыми кітапхананың
Ақпараттық-әдістемелік бөлімі бірлесе ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты — студенттерге ана тіліміздің құдіретін сезіндіру,
тілдің адам өміріндегі маңызын ұғындыру, тіл туралы тағылымды ойлар
арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке баулу, ана тілімізді
сүюге, құрметтеуге, қорғауға шақыру. Сонымен қатар, тіл – ұлттың жаны,
рухы, елдіктің тұғыры екенін санаға сіңіру.
Кеш аясында оқырмандар назарына «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты
кітап көрмесі ұсынылды. Көрменің мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін
көтеру және жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.
Әдеби кеш барысында тіл туралы мәнді баяндамалар оқылып, ана тіліне
арналған өлеңдер жатқа оқылды. Кештің көркемдік бөлігінде Мұқағали
Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңі мен «Қазақ тілі» әні, сондай-ақ Ахмет
Байтұрсынұлының «Қарғаш» әні орындалды. Іс-шара барысында қазақ
тіліндегі терминдерді біріздендіру, оларды дұрыс қолдану және жаңадан
енгізіліп жатқан терминдердің ұғынықтылығы сияқты өзекті мәселелер
кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, тіл туралы викториналық сұрақтар
қойылып, студенттер белсене қатысты.
«Тілден асқан байлық жоқ» демекші, мал-мүлік, алтын-күміс уақыт өте
сарқылуы мүмкін, ал халықпен бірге жасайтын, ұлтпен бірге мәңгі өмір
сүретін асыл қазына – ана тіліміз екенін ұмытпайық!





































































