Ұлы Жеңістің 80 жыл

ҚазҰМУ-де Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің
80 жылдығы аталып өтті

2025 жылдың 5 мамырында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған бұл шаралар университет үшін ерекше тарихи және тәрбиелік мәні бар. Себебі ҚазҰМУ тарихы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы студенттер, оқытушылар мен түлектердің ерен ерлігімен тығыз байланысты.

5 мамыр күні ҚазҰМУ қабырғасында әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы ашылды. Орталық болашақ дәрігерлердің азаматтық және кәсіби жауапкершілігін қалыптастыратын, әрі межесі — халықаралық деңгейдегі алаңға айналу. Қазақстан-Ресей медицина университетінің ректоры Нұрлан Темірбекұлы Жайнақбаевқа орталықты басқару ресми түрде ұсынылып, ол бұл ұсынысты зор мақтанышпен қабыл алды.

Іс-шараның құрметті қонағы батыр қыз Мәншүк Мәметованың туысы – Шолпан Қанатқызы Мәметова болды.

Қазақтың қаһарман қызы, пулеметші Мәншүк Мәметова небәрі 19 жасында өз еркімен майданға аттанған. Ол 21-атқыштар дивизиясы мен 100-атқыштар бригадасының құрамында шайқасты. 1943 жылы Невель түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атанды.

Ғылыми кітапхананың анықтама-библиографиялық бөлімі «Жеңіс жаңғырықтары» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды Мәншүк Мәметованың және өзге де батырлардың ерлігімен таныстырып, Ұлы Жеңіске қосқан үлестері туралы кеңінен ақпарат беру. Ұйымдастырылған көрмеде соғыс жылдары туралы сирек басылымдар мен батырлар туралы өмірбаяндық материалдар ұсынылды.

«Батырларға тағзым» шеруінде студенттер мен қызметкерлер батыр аталары мен ҚазҰМУ түлектерінің портреттерін алып жүріп, естелік эстафетасын жалғастырды.

 

Ғылыми кітапхана
Анықтама-библиографиялық бөлім