Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы

2026 жылғы 19 ақпанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Ғылыми кітапханасында ұлы ойшыл әрі ақын Абай Құнанбайұлына арналған «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты жыл бойы жұмыс істейтін тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлы – ұлттық руханиятымыздың темірқазығы, елдік санамыздың биік бағдары. Оның шығармашылығы ұлттық сананың қалыптасуына, ойлау мәдениетінің дамуына және білімге ұмтылысқа негіз болды. Абай еңбектері білімге, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, адалдық пен әділеттілікке үндейді. Оның мұрасы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік мәдениеттің асыл қазынасы.

Абай поэзиясы терең мазмұнымен, көркемдік кемелдігімен және философиялық толғанысымен ерекшеленеді. Ақын өз өлеңдерінде адам болмысы, ішкі жан дүниесі, адамгершілік таңдау, ғылым мен білімнің маңызы, қоғам тағдыры жайлы ой қозғайды.

Ерекше орын алатын «Қара сөздері» – даналық пен парасаттың, тағылым мен тәрбиенің бірегей үлгісі.

Көрмеде Абай шығармаларының әр жылдары жарық көрген басылымдары, сирек және заманауи жинақтар, фотосуреттер, ғылыми зерттеулер, монографиялар мен мақалалар ұсынылған. Сонымен қатар экспозицияда ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі туралы материалдар қамтылған. Абайдың аудармашылық еңбегі, музыкалық мұрасы және нақыл сөздері де кеңінен таныстырылған.

Көрме Абай мұрасын студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ кең оқырман қауым арасында насихаттауға, классикалық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Абайды оқу – рухани өсу.
Абайды тану – өзіңді және өмірлік мұратыңды терең түсіну.
Абайды құрметтеу – ұлттық бірлікті сақтау.

Баршаңызды көрмеге келіп, ұлы ойшылдың даналығын көруге шақырамыз!

Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім