С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Start Anatomy форумы өтті. Бұл 35 жасқа дейінгі студенттер мен жас зерттеушілерге арналған ғылыми алаң. Қатысушылар өз баяндамаларын оқып, зерттеу жұмыстарын сарапшылар алқасына ұсынды.
Форум көрнекті қазақстандық анатом, педагог, академик Алшынбай Рахишевтің 95 жылдығына арналды. Оның есімі отандық медицина ғылымының тарихында ерекше орын алады. Ол алғашқы латын-орыс-қазақ анатомиялық терминдер сөздігін құрастырып, қазақ тіліндегі екі томдық анатомия оқулығын жазып, ұлттық медициналық терминологияның негізін қалады.
Форум бағдарламасында ғылыми баяндамалар, анатомияны оқытудың заманауи әдістері туралы пікірталастар және медициналық білім берудегі инновациялар талқыланды.
Университеттің ғылыми кітапханасы өз үлестерін қосып «Медицина әлібиін жазған ғалым» атты көрме ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты: көрнекті ғалым, анатом және педагог Алшынбай Рахишевтің ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау, оның отандық медицина ғылымына қосқан зор үлесін жас ұрпаққа таныстыру және ұлттық медициналық терминологияның қалыптасу тарихын көрсету болды.
Сонымен қатар көрмеде ғалымның еңбектері, сирек басылымдар, архивтік материалдар мен фотосуреттер қойылып, келушілерге қазақ тіліндегі анатомия ғылымының даму кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Форум мен көрме С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қабырғасында ғылым мен білімнің сабақтастығын нығайтып, жас зерттеушілерге шабыт беретін маңызды алаңға айналды.
Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемілік бөлімі








































































































































































