ҚазҰМУ-де тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шарасы өтті «Тәуелсіздік тұғыры: Өткенге тағзым, болашаққа бағдар»

2025 жылғы 5 желтоқсанда С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ның ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мазмұнды мерекелік іс-шара өтті. Шараны ұйымдастыруға Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің «Қоғамдық денсаулық» мамандығының 4-курс студенттері белсене атсалысып, оларға эдвайзерлер мен ғылыми кітапхана ұжымы қолдау көрсетті.

Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының эдвайзері Г.А. Бегимбетова студенттердің бастамашылығын жоғары бағалап, рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және мемлекет тарихына құрметпен қараудың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығын атап өтті.

Ал ҚазҰМУ-нің ғылыми кітапханасының ақпараттық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі С.А. Елеукенова қазіргі студенттің жан-жақты жетілген, белсенді азамат ретінде қалыптасуында патриоттық тәрбие мен азаматтық жауапкершіліктің айрықша рөл атқаратынын жеткізді.

Іс-шара барысында «Желтоқсан жаңғырығы» атты тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Студенттер «Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері» атты мазмұнды презентация арқылы егемен елдің қалыптасу кезеңдері мен даму жолдарын кеңінен көрсетті. Патриоттық бейнематериалдардың көрсетілімі және «Атамекен» әнінің шырқалуы іс-шараның рухын тереңдете түсіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Шараға Астана медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық» мамандығының 4-курс студенттерінің қонақ ретінде қатысуы оның мазмұнын одан әрі толықтыра түсті.

Қорытынды бөлімде мектептің аға кураторы Жанат Бейсенбинова жас ұрпақ арасында патриоттық сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел тарихын құрметтеуді нығайтудың маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ эпидемиология кафедрасының меңгерушісі Мергенова Гаухар Айдарбекқызы жастарды елжандылыққа үндеп, мерекенің азаматтық жауапкершілік пен ұлттық бірлікті қалыптастырудағы рөлін айрықша атап өтті.