«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» – деп Әбіш Кекілбайұлы айтқандай. Кітапханалар – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Олар оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір.
2022 жылғы қазан айының 18 жұлдызында ҚР Үкіметінің №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесі болып бекітілді. Мерекенің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру болып табылады. Бұл тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі. Осы орайда 2024 жылдың 24 қазан күні С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғылыми кітапханасында «Ең ұлы қазына – КІТАПХАНА» тақырыбында кітапханашылар күні мерекесі аталып өтті. Проректордың міндетін атқарушы Фахрадиев Ильдар Рафисович арнайы келіп кітапханашыларды құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады.