2026 жылдың 26 ақпанында Тілдік пәндер кафедрасы мен Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Толық адам» идеологиясы аясында «Толық адам – тіл арқылы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Хакім Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деген ұлағатты сөзі кештің басты ұранына айналды.
Кештің мақсаты:
- Жас ұрпақты Абайдың «Толық адам» концепциясы негізінде ұлттық рухта тәрбиелеу;
- Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және қоғамдағы маңызын дәріптеу;
- Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жетістіктерін үлгі ету.
Іс-шараның құрметті қонағы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі абайтанушы Орынай Сағынғалиқызы Жұбай «Абай мұрасы – ұлттық мәдениеттің негізгі коды» тақырыбында терең мазмұнды баяндама жасады.
Кеш барысында ҚазҰМУ студенттері Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, ән шырқады. Викториналық сұрақтарға жауап беріп, белсене қатысқан білім алушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, Ғылыми кітапхана тарапынан «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Тілдік пәндер кафедрасы Ғылыми кітапхананың Ақпараттық-әдістемелік бөлімі қызметкерлеріне шығармашылық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, арнайы Алғыс хаттармен марапаттар тапсырды.
Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемілік бөлімі

































































































