2026 жылғы 12 наурызда Ғылыми кітапхананың үшінші қабатындағы №330 кабинетінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, Қазақстанның Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толуына орай – «Ел үшін туған ер» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Қайрат Рысқұлбеков – ерлік пен қайсарлықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы. Оның есімі Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен тығыз байланысты. Сол күндері қазақстандық жастар әділдік пен ұлттық намысты қорғап, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Қайраттың тағдыры ел тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрестің жарқын белгісіне айналды.
«Дүниеде шындық пен әділдіктен күшті ештеңе жоқ» – бұл сөздер өз халқының намысы үшін күрескен жастардың рухын бейнелейді.
Көрменің мақсаты – студенттерді Қайрат Рысқұлбековтің өмірі мен ерлігімен таныстыру, Желтоқсан оқиғалары туралы білімдерін кеңейту, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, ел тарихына және оның қаһармандарына деген құрметті арттыру, сондай-ақ ұлттық тарихи мұраны зерттеуге қызығушылықты дамыту.
Көрмеде кітаптар, архивтік және өмірбаяндық материалдар, мақалалар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары туралы деректі жарияланымдар, сондай-ақ Қайрат Рысқұлбековтің өмірі мен ерлігіне арналған басылымдар ұсынылған.
📚 Студенттер мен оқытушыларды көрмені тамашалап, ерлік пен ұлттық рухты дәріптейтін тарих беттерімен танысуға шақырамыз!
Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім
























































































