2026 жылғы 11 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да көрнекті дәрігер, ғалым және педагог, академик Камал Сәруарұлы Ормантаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған іс-шара өтті.
Іс-шара аясында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Ғылыми кітапханасы Даңқ залының жанындағы фойеде «Ұрпаққа аманат: Камал Ормантаевтың ғылыми мұрасы» атты тақырыптық кітап-көрме ұйымдастырды.
Көрмеге академик Камал Ормантаевтың өмірі, кәсіби қызметі мен ғылыми мұрасына арналған ғылыми еңбектері, жарияланымдары, кітаптары, түрлі материалдары және отбасылық фотосуреттері қойылды. Сондай-ақ көрмеде ғалымның балалар хирургиясы мен Қазақстандағы педиатриялық білім берудің дамуына қосқан елеулі үлесі кеңінен таныстырылды.
Камал Сәруарұлы Ормантаев – дәрігер-педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Академик Камал Сәруарұлы Ормантаев 20 мыңнан астам хирургиялық операция жасаған. Ол Қазақстанда балалардағы туа біткен кеуде қуысының ойық тәрізді деформациясы кезінде торакопластика операциясын алғаш рет орындаған.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Педиатрия мектебіне академик Камал Сәруарұлы Ормантаевтың есімі берілді. Бұл – академик Ормантаевтың Қазақстандағы балалар хирургиясы мен педиатриялық білім беруді дамытуға қосқан зор үлесіне көрсетілген құрмет.
Академик 1,5 мыңнан астам дәрігерді даярлап, педиатриялық білім беруді қайта қалпына келтіру мәселесін белсенді түрде қолдады.
Камал Ормантаев балалар нейрохирургиясы, травматология, комбустиология, урология және өкпе хирургиясы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізді. Ол кіші жастағы балалардағы нейроинсульттерді зерттеу бойынша ұлттық ғылыми зерттеулерге жетекшілік етті. Ғалымның ғылыми қызметінде балалардағы бас-ми жарақаттарына ерекше көңіл бөлінді.
Камал Сәруарұлы Ормантаев 310-нан астам ғылыми еңбектің авторы. Олардың қатарында балалар хирургиясы бойынша одақтық жетекші басылымдарға арналған 9 тарау және 9 монография бар. Сонымен қатар ғалымның 42 авторлық куәлігі мен 5 патенті жарық көрген.
Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім







































































































































































































































































































