15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күніне орай

2026 жылғы 14 қыркүйекте Халел Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде 15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күніне орай «Эпидемиология және гигиена: цифрлық трансформация және жаңа шешімдер» тақырыбында танымдық іс-шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің маңызын насихаттау, білім алушылардың кәсіби қызығушылығын арттыру, сондай-ақ эпидемиологиялық қадағалауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданудың заманауи мүмкіндіктерін таныстыру.

Кездесу барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қалыптасу тарихы, қазіргі эпидемиологиялық жағдай, қызметті цифрландыру және жасанды интеллектіні эпидемиологиялық қадағалауда пайдалану мәселелері талқыланды.

Іс-шараға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласының тәжірибелі мамандары қатысты. Атап айтқанда, Қуатбаева Айнагүл Мұханқызы – ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, қауымдастырылған профессор; Султанкулова Ақтолқын Нуржановна – Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының босандыру қызметі бойынша штаттан тыс дәрігер-эпидемиологы.

Шара барысында «AI-Powered Outbreak Prediction: From Epidemiological Surveillance to Early Warning» тақырыбында баяндама жасалды. Баяндамашы – Толегенова Ақбота, PhD докторы, Назарбаев Университеті. Баяндамада жасанды интеллектінің инфекциялық аурулардың таралуын болжау және эпидемиологиялық қауіптерді ерте анықтаудағы әлеуеті сөз болды.

«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметін цифрландырудың заманауи аспектілері» тақырыбында баяндама ұсынылды. Баяндамашы – Сапарбек Қ.М., «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының магистранты.

Ғылыми жетекшісі – Текманова А.К., медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Білім алушылар да іс-шараға белсенді қатысты. Олар «Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет маманының бір күні» атты шығармашылық көрініс ұсынып, мамандықтың күнделікті қызметін көрерменге таныстырды.

Сонымен қатар ҚазҰМУ студенттері өздерінің баяндамалары мен бейнероликтерін көпшілік назарына ұсынды.

Білім алушыларды дамыту және қолдау департаментінің өкілі Шермет Шерзат Розметұлы жастарды сапалы білім алуға, жауапкершілікке және тазалықты сақтауға шақырып, санитариялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара аясында Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Салауатты ұлт – қауіпсіз қоғам» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге эпидемиология, гигиена, инфекциялық аурулардың алдын алу және қоғамдық денсаулық сақтау салаларына арналған ғылыми және оқу әдебиеттері қойылды.

Іс-шара мазмұны Абайдың «Толық адам» концепциясындағы «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» қағидаттарымен сабақтастырылды.

Кездесу соңында домбырамен күй орындалып, ұлттық өнеріміздің тағылымды үнімен іс-шара салтанатты түрде қорытындыланды.

Іс-шараны ұйымдастыруға Ғылыми кітапхананың Ақпараттық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Елеукенова Салтанат Ахмедуллаевна, бас кітапханашы Омарова Н.С. және кітапханашы Гисанова К.А. атсалысты.

Іс-шара санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қоғам денсаулығын сақтаудағы рөлін айқындап қана қоймай, болашақ мамандардың кәсіби білімі мен қоғамдық жауапкершілігін арттыруға бағытталған мазмұнды алаң болды.

Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім