2026 жылғы 15 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасы және қазақ медицинасының бүгінгі келбеті» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Іс-шараны Фармация мектебі, «ALMATY MED-PHARM GROUP LTD» фармацевтикалық компаниясы, Өтейбойдақ Қазақ медицинасын дамыту қоры және Ғылыми кітапхана бірлесе ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты – қазақтың дәстүрлі медицинасының тарихи-ғылыми негіздерін зерделеу, XV ғасырда өмір сүрген көрнекті шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388–1478) мұрасын насихаттау және оның «Шипагерлік баян» еңбегінің қазақ медицинасы тарихындағы маңызын таныту.
Ғылыми жиында «Шипагерлік баян» еңбегіндегі дәстүрлі емдеу тәсілдері, тері ауруларын емдеу әдістері, шетпе мен ілме ауруларының ерекшеліктері және қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Қатысушылар ұлттық медициналық мұраны ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
Конференция аясында Ғылыми кітапхананың Ақпараттық-әдістемелік бөлімі «Шипагерлік баян» – Тілеуқабылұлы Өтейбойдақ (1388–1478) атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге шипагердің өмірі мен шығармашылығына, «Шипагерлік баян» еңбегіне және қазақтың дәстүрлі медицинасына арналған әдебиеттер қойылды.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған медициналық білімі мен тәжірибесін танытатын құнды рухани мұра. Оны зерттеу, сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлттық ғылым мен білімнің маңызды бағыттарының бірі.
Ақпараттық-әдістемелік бөлім
Ғылыми кітапхана



































































































































































































































































































