АИТВ инфекциясы және инфекциялық бақылау» курсының эпидемиология кафедрасының кафедра күні

2026 жылғы 2 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің №2 оқу ғимаратында орналасқан ғылыми кітапхананың фойесінде «Эпидемиология, АИТВ инфекциясы және инфекциялық бақылау курсымен» кафедрасының оқытушыларына арналған «Кафедра күні» ақпараттық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – білім беру барысын  ақпараттық-кітапханалық қамтамасыз ету сапасын арттыру, университет кафедраларының оқытушыларын кітапхананың қолжетімді ақпараттық ресурстары мен қызметтері туралы ақпараттандыру, сондай-ақ кітапхананың профессор-оқытушылар құрамымен өзара байланысын нығайту.

«Кафедра күні» барысында келесі негізгі мәселелер қарастырылды:

  • ақпараттық қызметтер және толықмәтінді деректер базасын толықтыру;
  • кафедра пәндері бойынша оқу әдебиеттерінің пайдаланылуына талдау жүргізу;
  • кафедра пәндерін қолданыстағы талаптарға сәйкес оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету;
  • «Эпидемиология, АИТВ инфекциясы және инфекциялық бақылау курсымен» кафедрасының оқу-әдістемелік құралдарының көрмесін ұйымдастыру;
  • кафедра пәндері бойынша әдебиеттер тізімін ұсыну.

Іс-шара барысында КАБИС бағдарламасы арқылы электрондық каталогтан және электрондық деректер қорынан қажетті әдебиеттерді іздеу мүмкіндіктері көрсетілді.

Кафедра оқытушылары студенттердің оқуына қолжетімділікті арттыру мақсатында қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтарды цифрландыруды ұсынды.

Кафедра оқытушыларына кітапхананың ақпараттық ресурстары мен қызметтері таныстырылып, оқу барысын қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету және электрондық ресурстарды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар берілді.

 

Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім