2026 жылғы 7 қазанда №2 оқу ғимаратының фойесінде Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының қатысуымен кезекті «Кафедра күні» өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кафедра оқытушыларын оқу-білім беру және ғылыми-зерттеу үдерістерін ақпараттық қамтамасыз етуге бағытталған кітапхананың ресурстары мен қызметтерімен таныстыру, сондай-ақ кітапхана мен кафедра арасындағы кәсіби байланысты нығайту.
Кездесу барысында кітапхана мамандары кафедра оқытушыларына кітапхананың ақпараттық ресурстары, электрондық қызметтері және кітапхана қорын пайдалану мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, KABIS электрондық каталогы арқылы қажетті әдебиеттерді тақырып, автор және басқа да библиографиялық мәліметтер бойынша іздеу жолдары көрсетілді.
Сонымен қатар, Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының пәндері бойынша кітапхана қорына жаңадан келіп түскен оқу және ғылыми әдебиеттер таныстырылды. Кафедра пәндерін қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, білім алушылардың оқу үдерісіне қажетті заманауи әрі өзекті басылымдардың маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шара барысында кітапхана мамандары мен кафедра оқытушылары өзара пікір алмасып, кафедраның ақпараттық қажеттіліктерін анықтау, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын кітапханалық-ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету бағыттары бойынша ұсыныстарын білдірді.
Кездесу соңында кітапхана мен кафедра арасындағы ақпарат алмасуды жүйелі түрде жүргізу, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту және кәсіби байланысты нығайту мақсатында «Кафедра күні» форматындағы кездесулерді тұрақты өткізу қажеттілігі атап өтілді.
«Кафедра күні» – кітапхана мен кафедралар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, оқытушылардың ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалануына және оқу-ғылыми үдерістерді сапалы ақпараттық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім

































































































































































































































































































