Көрме: «Ұлт музыкасының негізін қалаушы»

С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Ғылыми кітапханасының Ақпараттық-әдістемелік бөлімі көрнекті қазақ композиторы, дирижёр, музыкатанушы және қоғам қайраткері Ахмет Жұбановтың 120 жылдық  туған күніне арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты — оқырмандарды Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылық мұрасымен таныстыру, оның қазақ музыкалық өнері мен ғылымының дамуына қосқан үлесін насихаттау. Ұсынылған материалдар оның ұлттық музыкалық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Көрмеде Ахмет Жұбановтың шығармашылығына арналған кітаптар мен ғылыми еңбектер, қазақ халық музыкасын зерттеуге байланысты еңбектері, сондай ақ Қазақстандағы кәсіби музыкалық өнердің қалыптасуы туралы басылымдар ұсынылған. Сонымен қатар, оның өмір жолының негізгі кезеңдерін көрсететін өмірбаяндық материалдар, архивтік құжаттар мен фотосуреттер ерекше орын алады.

Экспозицияда қазақ музыкалық дәстүрінің дамуына, халық аспаптарына және Ахмет Жұбановпен байланысты мәдениет қайраткерлеріне арналған еңбектер де қамтылған. Ұсынылған басылымдар қазақ халқының музыкалық мұрасының байлығын және оның қазіргі мәдениеттегі маңызын ашады.

Көрме жоғары танымдық және тәрбиелік мәнге ие. Ол ұлттық өнерді насихаттауға, мәдени мұраға деген құрметті қалыптастыруға және қазақ музыкасының тарихын зерттеуге қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

Көрмені Ғылыми кітапхананың үшінші қабатындағы №330 ғылыми абонемент кабинетінде көруге болады.

Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-әдістемелік бөлім